Home Blog Page 12

Австрия канцлері отставкаға кететінін мәлімдеді

0

Карл Нехаммер Аустрияның консервативті халық партиясы (АХП) мен социал-демократиялық партиясы (АСДП) арасындағы коалициялық келіссөздердің сәтсіз аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Австрия канцлері Карл Нехаммер отставкаға кететінін мәлімдеді.

«Біз ұзақ және шынайы келіссөздер жүргіздік. АСПД-мен негізгі мәселелер бойынша келісу мүмкін емес. Халық партиясы өз уәделеріне берік. Біз әлеуметтік жеңілдіктер мен бизнеске бағытталған шараларға, сондай-ақ жаңа салықтарды енгізуге келіспейміз», — деді Нехаммер.
Ол АСДП-мен келіссөздерді тоқтатып жатқанын және оны жалғастырмайтынын атап өтті.

«Федералдық канцлер, сондай-ақ Халық партиясының төрағасы ретінде мен жақын күндері кетемін», — деп атап өтті министрлер кабинетінің басшысы.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Аустрияда жаңа парламент сайлауы жоспарлануы мүмкін.

Желтоқсанда Бундестаг депутаттарының көпшілігі Олаф Шольц үкіметіне сенімсіздік вотумын қолдады. Ақпан айында онда жаңа сайлау өтеді.

Европа елдерінде газ қымбаттап жатыр

0

18 қарашадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша Еуропадағы газдың биржалық бағасы мың текше метр үшін 2% өсіп, 516 долларға жетті. Бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

IСЕ биржасының мәліметі бойынша, TTF (Нидерландыда орналасқан Еуропадағы ең ірі хаб) индексі бойынша желтоқсан айындағы фьючерстер мың текше метрге 490,7 АҚШ долларымен (-3,4%) ашылды. Бұл 18 қараша күнгі ең төменгі баға болды.

Соңғы фьючерстер 516,1 доллардан (+1,6%) саудаланды.

Өткен жылы Еуропада газдың орташа биржалық бағасы мың текше метрге шамамен 460 долларды құрады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында баға тұрақты болды, бірінші тоқсанда орташа есеппен 310 долларды, ал екінші тоқсанда шамамен 355 долларды құрады, бұл 2021 жылдың мамыр-маусым айларының деңгейіне сәйкес келеді.

Үшінші тоқсандағы орташа баға 405 долларға дейін өсті.

Президент «Жаңа адамдар» жастар форумына қатысты

0

Форумда «Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Әсел Баденова Президентке ұйым құрылғалы бері қозғалыстың атқарған игі істері мен азаматтық бастамаларын таныстырды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Оның айтуынша, қазіргі кезде қозғалыстың 19 қалада кампусы, 15 мыңға жуық белсенді мүшесі бар. Қозғалыс елімізде ондаған азаматтық бастамалар мен акцияларды ұйымдастырып үлгерген. Жастар вандализммен, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгушілермен, кәмелетке толмаған балаларға ішімдік сатушылармен, есірткі таратушылармен және басқа да әлеуметтік кеселдермен күрес жүргізіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын ашық әрі белсенді білдіріп жүр.

Мемлекет басшысы форумға жиналған жалынды жастардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметке ризашылығын білдіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанатынын, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді.

«Қазақстанның жастары – жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Жаңа ғана өте жақсы ойлар айтылды. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті. «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде Сіздерге зор үмітпен қараймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форумда «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының Алматы кампусының жетекшісі Владимир Изюмников, қозғалыстың баспасөз хатшысы Алпамыс Әбілов, «Тұмар» азаматтық науқанының жетекшісі Ғалия Тузен, «Халық қаһары» азаматтық науқанының жетекшісі Әлихан Сәрсенов, «Antitrash» азаматтық науқанының жетекшісі Бауыржан Аманов сөз сөйлеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларға қолдау білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін Жаңа адамдар Каспийді қорғауға шақырады.

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті

0

Еліміздің бизнес қоғамдастығымен өткен кездесу мемлекет пен экономиканы дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің мақсат-ниеті бір екенін көрсетті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Президент айқындаған стратегиялық міндет – экономиканы нығайту арқылы Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтау және күшейту. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл міндет ұлттық идеяның маңызды элементіне айналуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманның басты мәселелерін шешу жолында Қазақстан жаңа көзқарастар мен тәсілдер дәуіріне қадам басқанын, ал ескірген стереотиптер өткеннің еншісінде қалғанын атап өтті. Сондықтан еліміз түбегейлі өзгеріп, жаңа жағдайға бейімделуі керек.

Президент мемлекеттің болашағы, соның ішінде өскелең ұрпақтың келешегі осы мәселенің шешіміне тікелей байланысты деп санайды. Оның айтуынша, ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік және логистика салалары экономиканы дамытудың басым бағыттарына айналуға тиіс. Бұл ретте шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі ұдайы Үкімет назарында болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойылған міндеттерді шешу жолында мемлекет пен ірі кәсіпорын иелерінің арасындағы нәтижелі серіктестіктің маңызды екенін атап өтті.

«Ірі бизнес болмаса, Қазақстан экономикасының әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Бізге экономиканың дамуын жаңа деңгейге көтеру үшін инфрақұрылым, индустрия, цифрландыру және басқа да салаларда серпінді әрі ауқымды жобалар қажет. Мұны іске асыруға ірі бизнесмендердің шамасы жетеді. Сіздерде оған қажетті қаржы да, мамандар да, ең бастысы, білім мен тәжірибе де бар. Бұл ретте инвестиция салуға тартымды дәстүрлі салаларға мән беріп қана қоймай, табыс әкелетін жаңа бағыттарды қарастырған жөн. Қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдік сауда конъюнктурасын ескерсек, көлік-логистика саласының орасан зор әлеуеті елеусіз қалып жатыр. Теміржол, автомобиль және әуе арқылы жүк тасымалына сұраныс артып келеді. Іс жүзінде, аталған сектор басымдыққа ие бола бастады. Кейбір шолушылардың айтуынша, пайдасы да мол. Болашағы зор тағы бір сала – туризм. Шетелдіктер Қазақстанның тұмса табиғатына, халқымыздың салт-дәстүрі мен тарихи мұрасына ерекше қызығушылықпен қарайды. Бірақ отандық туризмнің әлеуеті зор десек те, нақты іске келгенде бұл салада олқылықтар мен кемшіліктер көп. Сондықтан Үкімет туризмді дамытуға мейлінше көбірек инвестиция тарту үшін қосымша шараларды ұсынады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздегі іскерлік ахуалды жақсарту – ең басты мақсаттардың бірі.

«Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді. Реттелетін сатып алуларға бизнес өкілдері өтінім берген жағдайда, оған мемлекеттік кәсіпорындардың қатысуына заң жүзінде шектеу қойылды. Бизнесті негізсіз қыспаққа алудан және салалық органдардың заңсыз тексеруінен қорғау үшін жүйелі жұмыс қолға алынды. Қылмыстық кодекстің бес бабы ізгілендірілді. Екі бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту талаптары жоғарылады, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша тұтқындауға тыйым салынды. 2022 жылдан бері кәсіпкерлік саласында тіркелген қылмыстық істердің саны екі есе қысқарды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Инвесторларды негізсіз тексерудің, оларға айыппұл салудың алдын алып, рұқсаттама беруге кедергі келтірмес үшін «прокурор сүзгісі» енгізілді. Бүгінде прокурорлар инвестор құқығын бұзатын 700-ден аса фактіге тосқауыл қойды. Мұның бәрі бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауға зор ықпал етті», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.

«Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің қаржылық тұрақтылығын жетекші рейтинг агенттіктерінің болжамдары растап отырғанына назар аударды.

«Кейбір «сарапшылар» айтып жүргендей, ел экономикасының жағдайы соншалықты мүшкіл деген пікірмен келіспеймін. Салымыз суға кететіндей күйде емеспіз. Бірақ босаңсуға да болмайды. Иә, экономикада 4,8 пайыздық өсім бар. Үкімет отырысында мұның Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін айттым. Үкімет дамудың жаңа даңғылын іздеуі керек. Бұл ретте бизнес қоғамдастықтың рөлі үлкен. Халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік қарыз деңгейін «аса жоғары емес», яғни басқаруға икемді деп бағалап отыр. Қарызды басқару саясаты бекітілген қаржылық шектеулерді қатаң сақтау арқылы жүргізіледі. Кіріс деңгейін арттыру есебінен бюджет тапшылығын азайту көзделген. Бұл мемлекеттің борышын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, тек бюджет қаржысымен экономиканы жаңғырту мүмкін емес. Аталған үдеріске банктердің бәрі атсалысқаны маңызды.

«Үкімет кредит мөлшерлемесін субсидиялау арқылы банк қаржысын тарту туралы бастама көтерді. Қаржы секторы осы міндетті орындауға белсенді қатысуға тиіс. Үкімет Кепілдік қорын құру мәселесін пысықтап жатыр. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан «ұзақ мерзімге берілетін» қаржы тартылады. Бұл – жеткіліксіз. Нақты секторды кредиттеу көлемін арттыру үшін басқа да ұсыныстар қажет. Мен Үкімет отырысында Ұлттық қор ел экономикасының бір бөлшегі екенін айттым. Кейбір шолушылар, қоғам қайраткерлері Үкіметтің Ұлттық қордан жиі әрі көп қаржы алатынын айтады. Бұл – қалыптасқан ахуалға байланысты қабылданған шешім. Осыған бола «дағдарысқа тап болдық» деп байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Қорды не үшін құрдық? Қор қаржысы мемлекеттік маңызы бар міндеттерден өзге мақсатқа жұмсалып жатса бір жөн. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, банктер бизнеске көмектесіп, экономиканың дамуына қаржы салуға тиіс. Дегенмен реттеушілік шаралардың қатаңдағанына қарамастан, тұтынушылық несие көлемі бұрынғыдай өсіп келеді. Былтыр аталған көрсеткіш 33 пайызға ұлғайды. Ал проблемалық борышкерлердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек. Бұл – аса өзекті саяси мәселе. Сонымен қатар қаржылық сауатты арттыру, әсіресе өскелең ұрпақтың осы бағыттағы білімін жетілдіру маңызды. Осы ретте банктер проблемалық займдарды қайта қаржыландыру жұмыстарын күшейтіп, борышкерлердің санын өсіруге жол бермегені жөн. Азаматтарға алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерге айрықша мән беру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты цифрландыру өзекті екеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, бұл – бизнестің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың ең тиімді жолы. Ал мемлекет үшін басы артық бюрократияны қысқартатын, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, жалпы тиімділікті жақсартатын маңызды қадам.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, былтыр көктемде болған су тасқыны кезінде қаржылай қолдау көрсеткен барша кәсіпкерлерге, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорына жарна салған бизнес өкілдеріне алғыс айтты. Қор қаржысы денсаулық және білім беру салаларындағы өзекті әлеуметтік міндеттерді шешуге жұмсалып жатыр.

«Бүгін ашық әрі пайдалы әңгіме болды. Сөз соңында қайталап айтқым келеді: мемлекет еліміздің өндірісіне қаржы салатын, тұрақты жұмыс орындарын ашатын адал кәсіпкерлерді әрдайым қолдайды. Бәріңізді жақсы танимын. Соңғы үш жылда мемлекет пен бизнес арасындағы ықпалдастық пен өзара түсіністік айтарлықтай нығайғанын көріп отырмыз. Мемлекетке пайдамды тигізсем деген отаншылдық ұстанымдарыңызды жоғары бағалаймын. Біз реформалар жолына түстік. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер біздің аймақта бұрын-соңды болмаған. Халық қолдамаса, бұл реформалар іске аспас еді. Қазақстанның экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған стратегиямды бизнес қоғамдастықтың қуаттағанын айрықша атап өткім келеді. Үкімет немесе құқық қорғау органдары арқылы мемлекет кәсіпкерлердің заңды қызметіне ешқандай кедергі келтірмеуге тиіс. Бұл – менің мызғымас ұстанымым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, «Resmi компаниялар тобы» ЖШС, «RG Brands» АҚ президенті Қайрат Мәжібаев, «Қазақмыс Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай, InDrive компаниясының бас атқарушы директоры Арсен Томский, «AUDACIA Express» ЖШС бас директоры Бақытбек Қадыров, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова, «BI-Group» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, «Karazhal Operating» компаниясының тең иегері, «Paryz» ҚР Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы төралқасының төрағасы Жұмабек Жанықұлов, «Евразия инвест» ЖШС директоры Иван Георгиади, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйледі.

Сонымен қатар Freedom Holding Corp басқарма төрағасы Тимур Турлов, ЦАРКА президенті Олжас Сәтиев, «ЭлтексАлатау» ЖШС директоры Нұрлан Жәнібеков, «Aq Niet Group» ЖШС Бақылаушылар кеңесінің мүшесі Нұржан Ниязәлиев, Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Айбек Барысов пікір білдірді.

Қазақстандықтар тағы бір құжатты онлайн ала алады

0

Қазақстанда жеке медициналық (санитарлық) кітапшаның электрон форматы енгізілді. Енді қазақстандықтар медициналық тексеру нәтижелерін және санитарлық кітапшасына қатысты мәліметтерді E-Densaulyk сервисі арқылы eGov mobile мобильді қосымшасынан ала алады. Бұл медициналық тексеруден өту уақытын едәуір қысқартып, терапевтке қайталап бару қажеттілігін жояды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Санитарлық кітапша дайын болған кезде азаматтарға 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келеді.

Жұмыс берушілер қызметкерлерінің медициналық кітапшаларының өзектілігін hr.enbek.kz еңбек ресурстары порталы арқылы ақысыз тексере алады. Бұл санитарлық нормалардың сақталуын бақылауды жеңілдетіп, мүмкін болатын қателердің алдын алуға көмектеседі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, электронды жүйе 15 санаттағы қызметкерлерді қамтиды. Олардың қатарында қоғамдық тамақтану, дәріхана, санаторий қызметкерлері, сондай-ақ қызмет көрсету саласының мамандары мен медицина қызметкерлері бар. Бұл санаттағы мамандар жылына бір рет немесе алты ай сайын медициналық тексеруден өтуі тиіс.

«Жеке медициналық кітапшаларды электронды форматқа көшіру арқылы оларды алу және тексеру процесі азаматтар мен жұмыс берушілер үшін оңай әрі жылдам болды», — деді ведомство өкілдері.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық анықтамалардың, оның ішінде медициналық кітапшалар мен еңбекке жарамсыздық парақтарының 8 түрін қағаз түрінен электронды форматқа ауыстыру жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.

Түркістан облысындағы өзендерде су деңгейінің көтерілу қаупі бар

0

Түркістан облысындағы өзендерде су деңгейінің көтеріліп, су басу қаупі болуы мүмкін. Сол сияқты синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның бірқатар аймағында тұман, көктайғақ және жел болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy-на сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Қызылорда облысында көктайғақ, тұман түседі.

Жамбыл облысында жел соғады, тұман түседі.

Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды ​​облыстарында тұман түседі.

Ұлытау, Павлодар облыстарында жел күшейеді.

Шығыс Қазақстан, Қостанай, Абай облыстарында қар жауып, тұман түсіп, бұрқасын болады.

Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында жел соғады, тұман, көктайғақ болады.

Ақтөбе облысында бұрқасын, жел соғады.

Түркістан облысында өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтілуде, мұндай жағдайда су басуы мүмкін.

 

Фонтанда көз жұмды: Атырауда сәби ісі қайта қаралады

0

Атырауда Әйтеке би көшесіндегі субұрқақта үш жасар баланың өліміне қатысты істің сотқа дейін жетпегені туралы мәлімет қоғам тарапынан наразылыққа ұшырағаннан кейін тың мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы хабарлайды.

Тергеу қылмыстық істі қайта қозғады, бірақ қазір ол ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету» бойынша қаралып жатыр.

Құқық қорғау органдарының назары қазір марқұмның ағасында емес, бастапқы тергеу бойынша баланы бақылай алмаған «Ибрахим» жеке компаниясында. Компания қаладағы 36 субұрқаққа қызмет көрсетеді, оның ішінде қайғылы оқиға болған жер де осы компанияның міндетінде болатын.

Айта кетейік, дәл осы бап бойынша қалалық сот Жеңіс саябағында бюст басып қалған 7 жасар қыздың өліміне қатысты істі қарап жатыр.

«Ұлымды тірілту мүмкін емес, бірақ кінәлілер жазалануы керек», — дейді марқұмның анасы Светлана Капизова.

Еске салайық, қайғылы оқиға өткен жылдың 26 ​​шілдесінде Әйтеке би көшесіндегі субұрқақта болған еді. Никита екі әпкесімен суда ойнап жүрген кезде аяғын сорғыш сорып алған. Қыздар оған көмектесе алмай, салдарына бала суға тұншығып қалған. Оқиға бойынша ҚР ҚК 141-бабының 2-бөлігі «Кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бойынша қылмыстық іс қозғалып, артынша жабылып қалған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұрғындарға несиені уақытынан бұрын жабу жөнінде кеңес берді 

0

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несиені мерзімін бұрын өтегенде банк қандай жағдайда айыппұл салатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy-на сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

«Несиені мерзімінен бұрын өтеу қарыз алушыға артық төлемді азайтуға және қарызды тезірек жабуға мүмкіндік береді. Алайда төлем жасамас бұрын бірнеше маңызды факторды ескеру қажет», — деп кеңес берді агенттік.

Біріншіден, банкпен жасалған келісімшарттың талаптарын бір оқып шыққан абзал. Қазақстан заңнамасы кредитті мерзімінен бұрын жапқаны үшін айыппұл салуға тыйым салады, бірақ бірнеше талап бар:

  • егер несие мерзімі бір жылға дейін болса, банк алғашқы 6 ай ішінде кредитті толық өтеген кезде өтемақы ұстауы мүмкін;
  • егер несие бір жылдан ұзақ мерзімге рәсімделсе, алғашқы 12 ай ішінде кредитті өтегені үшін айыппұл салынуы мүмкін.

Сондай-ақ, банк берешекті мерзімінен бұрын өтеу үшін арнайы өтініш талап етпейтінін де тексеру қажет.

Екіншіден, қарыз сомасын нақтылаңыз. Егер мерзімі өткен төлемдер немесе айыппұлдар болса, ақша алдымен соларды өтеуге жұмсалуы мүмкін. Сондықтан банкке хабарласып, қарыздың нақты  сомасын анықтау керек.

Үшіншіден, несиені өтеу әдісін таңдаңыз. Кредитті мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеуге болады. Толық өтегенде несиеге қосылған пайыздармен бірге бүкіл қарыз жабылады. Ал ішінара өтеу кезінде артық төлем қысқарып, берешектің негізгі сомасы азаяды. Бұл жағдайда несие мерзімін қысқарту немесе ай сайынғы төлем мөлшерін азайту нұсқасын таңдауға болады. Әдетте, бірінші нұсқа тиімдірек.

Төртіншіден, несие төлеу тәртібін тексеріңіз. Кейбір банктер несиені мерзімінен бұрын өтеуді арнайы мобильді қосымша арқылы жасауды немесе банк бөлімшесінде өтініш жазуды талап етеді. Егер ақшаны жай ғана шотқа салып қойсаңыз, олар несие кестесіне сәйкес есептеліп, қарыз сомасы азаймауы мүмкін.

Бесіншіден, несие төленгенін растайтын анықтама алыңыз. Кредитті толық өтегеннен кейін, банктен қарыздың жабылғанын растайтын құжат талап етіңіз.

Сондай-ақ агенттік азаматтарға несие тарихын бақылап отыруға кеңес береді. Несие жабылғаннан кейін, кредиттік бюролардың сайтынан өз кредит тарихыңызды тексеруге болады. Егер қандай да бір қате тапсаңыз, банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгініп, растайтын құжаттарды ұсыныңыз.

Қостанай облысында балалар мінген екі автобус қар құрсауында қалды

0

Қостанай облысында жарысқа бара жатқан балалар мінген екі автобус қар құрсауында қалып қойды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жас спортшыларды жылыту пунктіне жеткізді, — деп хабарлайды Azattyq Rýhy-на сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Оқиға Қостанай облысы, Амантоғай ауылынан 20 шақырым жерде, «Әулиекөл-Жолдама» облыстық маңызы бар жолында болды.

«Төтенше жағдайлар қызметкерлері 13 адамды, оның ішінде 11 баланы құтқару жұмыстары барысында Амантоғай ауылындағы жылыту пунктіне жеткізді. Сонымен қатар автобустар мен жеті жеңіл көлік, яғни 14 адам мінген көлік қардан шығарылып, тазартылған жолға қарай эвакуацияланды», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Құтқару жұмыстары барысында зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болмаған.

ТЖМ мамандары қыс мезгілінде алыс сапарға шықпас бұрын ауа райы болжамын мұқият қадағалауға және жолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Елімізде қай пәндердің мұғалімдері әлсіз: оқу-ағарту министрі жауап берді 

0

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоның алқа мәжілісінде қай пәндердің мұғалімдері әлсіз екенін айтты, — деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

«Педагогтердің білімін бағалау нәтижелеріне сүйенсек, жоғары оқу орындарының түлектерін даярлау деңгейі өңірлер арасында да, өздерінің ішінде де айтарлықтай өзгеріп отырады. 7 653 түлектің 45%-ы ғана 50%-дық шекті деңгейден өте алды. «Мақсатты мектептер» жобасы аясында биология, информатика, ағылшын және қазақ тілдері бойынша жұмыс істеп жүрген педагогтердің әлсіз жақтары анықталды. Бұл пәндік білімдегі елеулі олқылықтарды көрсетеді және педагогикалық мамандықтар бойынша даярлауды жүргізетін жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын дереу қайта қарауды талап етеді», — деді Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ, ол біліктілікті арттыру курстарына реформа жасауды тапсырды.

«Өрлеуге» педагогикалық жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, біліктілікті арттыру курстарының бағдарламаларын түбегейлі қайта қарауды тапсырамын. Олар педагогтің жеке сұраныстарына бейімделіп, икемді болуы тиіс. Тағы бір айрықша назар аударатын мәселе – педагогикалық этика. Педагогтердің білімін бағалаудан өту кезінде аттестаттау қағидаларын бұзған 346 педагогтің нәтижелері жойылды», — деді Ғани Бейсембаев.

Айта кету керек, 2026 жылы кейбір мектептерде оқу пәндері біріктірілуі мүмкін.

Сондай-ақ елдегі 740 мектепке директор керек екендігі туралы жазған болатынбыз.