Форумда «Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Әсел Баденова Президентке ұйым құрылғалы бері қозғалыстың атқарған игі істері мен азаматтық бастамаларын таныстырды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.
Оның айтуынша, қазіргі кезде қозғалыстың 19 қалада кампусы, 15 мыңға жуық белсенді мүшесі бар. Қозғалыс елімізде ондаған азаматтық бастамалар мен акцияларды ұйымдастырып үлгерген. Жастар вандализммен, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгушілермен, кәмелетке толмаған балаларға ішімдік сатушылармен, есірткі таратушылармен және басқа да әлеуметтік кеселдермен күрес жүргізіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын ашық әрі белсенді білдіріп жүр.
Мемлекет басшысы форумға жиналған жалынды жастардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметке ризашылығын білдіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанатынын, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді.
«Қазақстанның жастары – жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Жаңа ғана өте жақсы ойлар айтылды. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті. «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде Сіздерге зор үмітпен қараймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Форумда «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының Алматы кампусының жетекшісі Владимир Изюмников, қозғалыстың баспасөз хатшысы Алпамыс Әбілов, «Тұмар» азаматтық науқанының жетекшісі Ғалия Тузен, «Халық қаһары» азаматтық науқанының жетекшісі Әлихан Сәрсенов, «Antitrash» азаматтық науқанының жетекшісі Бауыржан Аманов сөз сөйлеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларға қолдау білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Жаңа адамдар Каспийді қорғауға шақырады.
