Home Blog Page 11

Бектенов: Бірлескен инвесторларды белсенді тарту қажет

0

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойған міндеттерді ескере отырып, Қордың 2024 жылғы жұмысының қорытындылары және оны одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов инвестициялық жобаларды іске асыру туралы баяндады.

Үздіксіз электрмен жабдықтау мақсатында Екібастұз ГРЭС-1 №1 энергия блогы тоқтап, қуаты 4000 МВт-қа дейін ұлғайтылды. Экологияны жақсарту жұмыстары аясында Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін газ инфрақұрылымын құру жобасы іске асырылды. Қарашығанақ кен орны жұмысының тиімділігін арттыру үшін бесінші кері айдау компрессоры енгізілді. Көлік-логистикалық бағытта Сиань қаласында жүк терминалы салынды, ол жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға және қазақстандық бағыттардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 250 шақырымнан астам газ құбыры мен 500 шақырым теміржол желісі тартылып, екінші «Достық – Мойынты» жолының 132 шақырымында пойыз қозғалысы іске қосылды. Сондай-ақ есепті кезеңде Қазақстан үшін бірегей жобалар: гидроаккумуляциялық станса мен Астана қаласындағы алғашқы цифрлық қосалқы стансаның құрылысы басталды.

Жалпы тізімге қазіргі уақытта мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және басқа да салалар бойынша құны 33,3 трлн теңгені құрайтын инвестициялық 46 жоба енгізілген.

Биыл «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын пайдалануға берудің арқасында Жетісу өңіріндегі 66 елді мекенді газбен қамту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Кендірліде қуаттылығы тәулігіне 50 мың м3 теңіз суын тұщыту зауытын іске қосу арқылы Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысындағы су тапшылығы мәселесін шешу жоспарлануда. Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) және «Достық – Мойынты» теміржол желісі учаскесінің өткізу қабілетін арттыру транзитті дамытуға елеулі серпін береді. Ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ПМХЗ-да дизель отынын гидротазарту орнатылады және CASPI BITUM-да битум өндірісі кеңейтіледі. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млрд м3 дейін арттыруға мүмкіндік беретін екінші учаскесінің құрылыс барысына ерекше назар аударылып, бірлескен инвестициялау құралдары талқыланды.

Жобалар бойынша жергілікті қамтудың болжамды үлесі секторға байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, көлік-логистика секторындағы жобалар бойынша бұл көрсеткіш 85%-ды, энергетикалық жобалар бойынша – 60%-ды, су тұщыту зауытын, «ҰИМТ» АЭА инфрақұрылымын, жайлы мектептер мен 5G желісін салу және ТОБЖ төсеуді қоса алғанда, басқа да жобалар бойынша – 80%-ды құрайды.

Сондай-ақ 2024 жылы отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қарастырылған. Осының арқасында 1,1 трлн теңгеге ОТӨ-мен шарттар жасалып, өсім 2023 жылмен салыстырғанда 76%-ды құрады. 191 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасалды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10 есеге көп. Сонымен қатар Қордың сатып алу жүйесі алғаш рет ЕҚДБ, АДБ және ЭЫДҰ үздік стандарттарына сәйкес деп танылды.

Премьер-министр еліміз үшін маңызды жобаларды іске асыруға жеке инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігіне тоқталды.

«Мемлекет басшысы біздің жұмысымыздың басым бағыты ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды, көлік пен логистиканы дамыту, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Үкімет еліміз үшін маңызды жобалардың іске асырылу жағдайын бақылауда ұстайды. Мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайта отырып, бірлескен инвесторларды белсенді тарту қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 

Ерке Есмахан үшінші сәбиін дүниеге әкелуге дайындалып жүргенін мәлімдеді

0

Танымал әнші Ерке Есмахан ұзаққа созылған саяхаттан оралып, перзентханаға дайындалғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Bastaumedia.kz хабарлайды.

Өнер иесі отбасымен Европа аралап келген еді.

“Бір айлық саяхатымыздың әдемі нүктесін қойдық. Әрқайсымыздың қалауымыз, арманымыз орындалған демалыс болды. Алла қаласа, келесі жанұялық сапарымыз бесінші адамға толықсын деп тілейміз», – деп жазады әнші.

«Трамптың алдында отырдым»: Нұрлан имам АҚШ-та өткен қайырымдылық шарасына қатысты

0

Танымал имам, теолог Нұрлан Байжігітұлы дәстүрге айналған Ақ үй ұйымдастырған таңғы асқа қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Bastaumedia.kz хабарлайды.

Блогер имам әсерін жеке парақшасында бөлісті.

“Америка Құрама Штатының 47-президенті Дональд Трамп мырза қайырымдылық шарада сөз сөйледі. Ерекше әсер еткен сөзі: «Құдайым мені атқан адамға өлтіртпей, сіздердің алдарыңызға шығаруы, бұл елім үшін сый әрі менің көп дүниелерді жақсы жағына өзгертуіме себеп» деп айтқаны. Бұл сөзін Вашингтонда, тап менің алдымда айтқаны маған үлкен әсер берді. Отырған орным да тура алдына түскен екен. Қасымда Армения, Косово, Украина мемлекеттерінің президенттері отырды”, – деп жазды имам.

Нұрлан Өнербаев қазақ тілінде сөйлейтін азаматтарға айыппұл салуды ұсынды

0

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, əнші, қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаев қазақ тілінде сөйлемейтіндерге айыппұл салуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Bastaumedia.kz хабарлайды.

Өнер иесі пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, көпшілікке ой бөлісті.

“Күнде бір айыппұл түрін шығарасыңдар! Бір айыппұл түрін халық өзіміз ұсынайық. Қазақ тілінде сөйлемейтіндерге 39 320 теңге айыппұл салынсын», – деп жазды әнші.

Желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, өнер иесінің ұсынысын қолдайтындарын жеткізді.

“Өте дұрыс бастама”, “Астана мен Солтүстіктегі орыс болып кеткен қазақтар әліппе жаттасыншы», «Аз ғой, 1 миллион теңге салынсын», «Әп бәрекелді», «Келісемін», «Толық келісемін. Өз тілімізді өзіміз құрметтемей шүлдірлеп кеттік», «Орынды ұсыныс», – деп жазды көпшілік.

 

Белгілі продюсер Бағым Мақсатқызының жары өмірден өтті

0

Танымал әнші, музыкалық продюсер Бағым Мұхитденованың жары Әділжан Юсупов дүниеден өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Bastaumedia.kz хабарлайды.

Қаралы хабарды продюсер Баян Мақсатқызы жеке парақшасында жеткізді.

«Бүгін біз Адиктен айырылып қалдық. Сен сондай жақсы адам, жақсы әке, жақсы жар, жақсы дос бола білдің. Біз сені жақсы көреміз және кеудеміздегі жанымыз соғып тұрғанда сені ешқашан ұмытпаймыз. Иманды бол!», – деп жазды Баян.

Әділжан Юсупов – отандық музыка индустриясында өз орнын қалдырған танымал продюсер. Ол дарынды әнші, продюсер Бағым Мұхитденованың күйеуі. Ерлі-зайыптылар 1997 жылы танысып, 2001 жылы отбасын құрған. Бүгінде бір ұлы бар.

Әділжан Юсупов қазақстандық шоу-бизнестегі түрлі өнер қайраткерлерімен бірге жұмыс істеді.

Әнші Шаһизаданың денсаулығы сыр берді

0

ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Шаһизаданың денсаулығы сыр беріп, оқырмандарына жан сырын ақтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Bastaumedia.kz хабарлайды.

Өнер иесі 10 жылдан бері бел-омыртқасының ауырып жүргеніне шағымданды.

“Өзіңді күтпесең, болмайды екен. Мен шауып жүре бергем, содан белім, омыртқаларым ауыра бастады. Негізі бұрыннан келе жатқан сырқат екен, мен өзімді күтпегенмін. «Ештеңе етпейді» деп спортқа барып, дәрумендерімді ішіп жүре беріппін. 10 жылдан бері ауырып жүр. Кейде өзінен-өзі қойып кететін. Мән бермейтінмін. Қыста вирустан қатты ауырғанмын, сол кезде бар ауруың құтырады екен. Қазір денсаулығыммен осындай жағдай болып жатыр. Сол жақтағы бүйрек те онша емес. Қан қысымы кішкене көтерілген», – деді әнші.

Сонымен қатар өнер иесі сыртқатының емін тапқанын да айтты. Күнделікті алма, сәбіз, қызылшадан жасалған сусынды ішетінін көрсетті.

“Бұл енді бауырға да, бәріне де ем. Кешке тамақ ішпеймін, өйткені салмақ қосқанның кесірінен менің белім қазір ауырып жүр», – деді өнер иесі.

Әбу-Дабиде әйелдер арасында WTA 500 турнирі аяқталды

0

Финалда дүниежүзілік рейтингіде 157-орында тұрған швейцариялық, 27 жастағы Белинда Бенчич әлемнің 51-ракеткасы, америкалық Эшлин Крюгермен чемпиондық атақты сарапқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Матчты 20 жастағы Э.Крюгер сәтті бастады – 6:4. Алайда бұдан кейін Б.Бенчич дес берген жоқ – 6:1, 6:1.

Екі сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Бенчич 2 эйспен бірге 15 брейк-пойнттың 8-ін пайдаланды. Крюгер 3 эйс, 4 брейкпен (12 брейк-пойнт) шектелді.

Осылайша, жүлде қоры 1 млн астам АҚШ долларына бағаланған жарыста Б.Бенчич үздік шықты. Ол жартылай финалда өткен жылғы жеңімпаз, қазақстандық Елена Рыбакинаны жолдан тайдырған еді.

Қазақстандық теннисші АҚШ-тағы жарысын сәтті бастады

0

Қазақстандық, әлемнің 207-ракеткасы Дмитрий Попко Делрэй-Бич (АҚШ) ATP 250 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 133-ракеткасы, аргентиналық Федерико-Агустин Гомеспен өткізді.

Д.Попко камбэк жасап, 2:6, 6:3, 7:6 (7:4) есебімен жеңіске жетті. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында ол 6 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың екеуін мүлт жібермеді. Гомес 9 эйс, 3 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Дмитрий Попко іріктеу жарысының финалында дүниежүзілік рейтингіде 422-орында тұрған америкалық Майкл Ммомен кездеседі. Оны жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Альбина Кәкенованың Қарағанды турнирінің абсолютті чемпионы атанғанын жазған едік.

Әбу-Дабиде Рыбакинаны жолдан тайдырған теннисші чемпион болды.

Ольга Рыпакова ХОК президенті Томас Бахпен кездесті

0

Азия Олимпиадалық Кеңесі (АОК) Атқарушы комитетінің мүшесі, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті спортшылар комиссиясының төрайымы Ольга Рыпакова Харбинде өтіп жатқан Қысқы Азия ойындарында Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) президенті Томас Бахпен кездесті, — деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, кездесу барысында Томас Бах Ольга Рыпакованың жетістіктерін атап өтіп, оның олимпиадалық құндылықтарды дамыту мен қолдауға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Қазақстанның ірі халықаралық спорттық жарыстарды, соның ішінде жеңіл атлетика бойынша жарыстарды өткізуге жоғары әлеуеті бар екенін айтты.

Өз кезегінде Ольга Рыпакова бұл кездесудің маңыздылығын атап өтіп, алғысын білдірді.

«Ең алдымен, олимпиада чемпионы ретінде Томас Бахпен жеке кездесу мен пікір алмасу – мен үшін үлкен құрмет. Біз тек қазақстандық спорттың ғана емес, жалпы олимпиадалық қозғалыстың дамуы туралы әңгімелестік. Болашақта халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтатынымызға сенімдімін», – деді олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова.

Еске сала кетейік, Ольга Рыпакова спорттық мансабында үш рет Олимпиада ойындарының жүлдегері атанған. Ол 2012 жылы Лондонда алтын, 2008 жылы Бейжіңде күміс, ал 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қола медаль жеңіп алды.

2024 жылдың қыркүйегінде Азия Олимпиадалық Кеңесі Атқарушы комитетінің мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар ол Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті.

Тарихи жеңіс: Қазақстан құрамасы шорт-тректен қысқы Азия ойындарының чемпионы атанды

0

Шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойындарында алтын медаль еншіледі, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Қазақстан құрамасы ерлер арасында 5000 метрден командалық эстафетадан чемпион атанды. Денис Никиша, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев және Әділ Ғалиахметов жарыс жолына шықты.

Бастапқыда отандастарымыз үшінші орынды сақтады. Соңғы айналымдағы бұрылыста Корея құрамасының спортшысы қытайлық спортшымен соқтығысып, қазақстандық спортшы мәре сызығын бірінші болып кесті.

Айта кетейік, бұл Қазақстан делегациясының Харбин қысқы Азиа ойындарындағы алғашқы алтыны. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы осы спорт түрінен Азиадада тұңғыш рет алтын алып отыр.

Осыған дейін, Қазақстан қыздар құрамасы 3000 метрге эстафетадан күміс алды.

Еске сала кетейік, шорт-тректен Қазақстан құрамасы аралас командалық эстафетадан ел қоржынына алғашқы күміс жүлде салған болатын.