Home Blog Page 10

Ақмола облысы кәсіпкерлері салық реформасына қатысты Үкіметке ұсыныстарын жеткізді

0

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында Ақмола облысының бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Жиында салық реформалары, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселесі талқыланды, — деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 7 ақпанда Астанада бизнес өкілдерімен өткен кездесуде Үкіметке ҚҚС мөлшерлемесі бойынша мәселені қосымша пысықтауды тапсырған болатын. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Үкімет мүшелері «Атамекен» ҰКП өкілдерімен бірлесіп жергілікті жерлерде кәсіпкерлік қоғамдастықпен салық саясаты мәселелерін талқылау мақсатында өңірлерге барды.

Дәурен Темірбеков ҚҚС сараланған мөлшерлемелері бойынша Үкіметтің ұсыныстарын жеткізді. Қосылған құн салығының жалпы мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу ұсынылуда, ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді салықтан толығымен босату жоспарланып отыр. Бірқатар сала үшін 10% аралық мөлшерлеме енгізіледі. Осылайша, Үкімет ұсынған ҚҚС мөлшерлемесін саралау: 16%, 10%, 0%, салықтан босатуды қамтиды.

«ҚҚС өсімі үй маңындағы дүкендерге, мейрамханаларға, сұлулық салондарына және басқа да бөлшек сауда орындарына әсер етпейді», — деп түсіндірді ҚР ҰЭМ салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев.

Кездесу барысында салалық қауымдастық өкілдері салық заңнамасына ұсынылатын өзгерістерге қатысты пікірін білдірді.

«Салықты көтеруден басқа, бюджет шығыстарының құрылымын сыни тұрғыдан қайта қарау маңызды. Өткен жылы енгізілген қатаң бюджеттік ережелердің сақталуына бақылауды күшейту қажет, ел экономикасының ішінде резервтерді іздеу қажет. Еңбекақы төлеу қорына салық жүктемесінің 10%-ға төмендеуі ҚҚС мөлшерлемесін көтеру есебінен өтемақымен қатар жүрмеуі тиіс, ол дербес салық реформасы болуы керек», — деп есептейді Ақмола облысы Туристік қауымдастығының басшысы, туризм және экология салалық кеңесінің төрағасы Қайрат Сұлтанов.

Шағын бизнес субъектілері атынан «С. А. Ахмадиев» ЖК басшысы Сәдібек Ахмадиев сөз сөйлеп, тіркеу кезінде ҚҚС-ты 50 мың АЕК-ке дейін ұлғайтуды қарастыруды ұсынды.

Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек қосылған құн салығында мөлшелме мен шекті тіркеу мәселесі ақылға қонымды түрде қабылдануы тиіс екенін айтты.

«Ақмола бизнес-қоғамдастығының пікірі ескеріледі деп үміттенеміз, біз әріптестеріміздің барлық ұсынысын ҰКП Орталық аппараты арқылы қаржы министрлігіне жазбаша түрде жолдаймыз. ҚҚС мөлшерлемесі мен шекті тіркеу мәселесі білікті сарапшылардың, кәсіпкерлер мен депутаттардың пікірін ескере отырып, ақылға қонымды түрде қабылдануы керек», — деп толықтырды ол.
Өз кезегінде вице-министр Дәурен Темірбеков келіп түскен барлық ұсыныс мұқият қаралып, талданып, әрі қарайғы жұмыста ескерілетінін атап өтті.

https://kaz.inform.kz/news/akmola-kaspkerler-karzhi-vitse-ministrmen-kezdesude-salik-reformalarin-talkiladi-2ed42d/

Астана тұрғыны үстіне футбол қақпасы құлап, мерт болды

0

Әлеуметтік желіде ер адамдың үстіне футбол қақпасы құлаған сәтінің видеосы тарады, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

«Алдын ала мәлімет бойынша, жазатайым оқиға болған. Ер адам футбол ойыны кезінде қақпаға көтерілмек болған, салдарынан қақпа құлап, оны басып қалған», — делінген елорданың полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазір адам өлімі фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіледі», — дейді полиция департаментінен.

Таяуда ғана астаналық полицей жаттығу залынан шыққаннан кейін есінен танып, сол жерде қайтыс болды.

Еске сала кетсек, қаңтарда елордада 19 жастағы жігіт атылып қалған еді.

Айта кетейік, жақында елордада адамның мүрдесі табылған еді. Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, елорда тұрғыны Манхэттен-3 тұрғын үй кешенінен құлаған.

Атырау облысында биыл су тасқыны бола ма: облыс әкімі жауап берді

0

Атырау облысында былтырғыдай су тасқыны бола ма? Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, алдына ала бағалауға сәйкес бүгінгі ахуал былтырғы сценарий бойынша өрбіп отыр, хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Су тасқынының алдын алу үшін бұған дейін соғылған бөгеттер реконструкцияланып, қалыпқа келтіріліп жатыр. Оған қажетті қаржы қарастырылған. Материалдық-техникалық резервтер толық жинақталған.

«Жол инфрақұрылымын қалпына келтіру аясында Үкіметтің резерв қаржысы мен жергілікті бюджет есебінен 30 шақырым жол жөнделіп, 4 көпір қалпына келтірілді. Жол бойында 13 мал өткелі салынып, бұрын су шайып кеткен 49 учаскеге су өткізу құбырлары қондырылды», — дейді Серік Шәпкенов.

Әкімнің айтуына қарағанда, Атырау облысындағы су тасқынына қарсы шаралар аясында Жылыой ауданындағы Жем өзені мен Құрсай арнасының түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Жобаға сәйкес 95 шақырым түптің 80,3 шақырымы тереңдетілген.

«Жоспарланған 61 шақырым бөгеттің 29 шақырымы соғылды. Қызылқоға ауданының 9 ауылдық округі мен 5 елді мекенінде 41,9 шақырым бөгетті нығайту қолға алынды. Индер ауданында қолданыстағы 34,5 шақырымдық бөгеттің қорғаныс құрылыстары күшейтілді. Махамбет ауданында 105 шақырым бөгет салынды. Биыл қосымша 29,9 шақырым бөгет нығайтылып, жаңадан 12,4 шақырым бөгет тұрғызылады», — деп мәлім етті Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы Зарослый және Гогольский каналдарын тереңдету қашан аяқталатынын жазған едік.

Ақтөбе облысында ауыл мектептерінің бірінің жылу жүйесі істен шықты

0

Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы №6 орта мектептің жылу жүйесі істен шығып, екі күн бойы оқушылар онлайн білім алды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы № 6 орта мектепте қазір жылу жүйесі уақытша қалпына келтірілді. Ал жөндеу жұмысы көктемгі демалыста жүргізіледі.

«№ 6 орта мектептегі жылыту жүйесі аудан әкімінің, мәслихаттың, білім бөлімінің бақылауында тұр. 3-4 ақпан күндері мұнда жылу жүйесінен ақау шығып, балалар сол күндері онлайн білім алды. Мектеп жертөлесіндегі жылу құбыры тозып, істен шыққан. Жұмыс тобы оны қалпына келтіріп қойды. Ал жылу жүйесін толық ауыстыру жұмысы көктемгі демалыс кезінде жүргізіледі. Қазіргі кезде қажетті құрал-жабдықтың бәрі сатып алынды. Мемлекеттік сатып алу жүргізілді, материалдар қоймада сақтаулы тұр. Балалар мектепте оқып жүр. Мұндағы температура күн сайын өлшеніп, тексеріледі. Сынып ішіндегі температура 20-22 градус жылы», — деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев «Челси» клубына ауысты

0

Алматылық «Қайрат» пен лондондық «Челси» клубы 16 жастағы шабуылшының трансфері бойынша келісімге келді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Алматылық клубтың баспасөз қызметі хабарлағандай, 2026 жылдың жазында кәмелеттік жасқа толған соң ресми түрде ағылшын командасына қосылады.
Ол уақытқа дейін Дастан Сәтпаев «Қайрат» сапында өнер көрсетеді.

Дастан Алматыда дүниеге келген. 8 жасында «Қайрат» Академиясына түсіп, дайындықтың барлық сатысынан өтті.

Айта кетейік, 2024 жылдың мамыр айында Сәтбаев «Қайрат» командасында дебют жасаған ең жас ойыншы ретінде тарихқа енді. Өткен QJ лигасында жас футболшы 28 ойында 26 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді. Сондай-ақ Сәтбаев маусымның үздік ойыншысы атағын алды. Ал УЕФА жасөспірімдер лигасында (U19) 16 жасар футболшы төрт матчта бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді.

Бұған дейін танымал спорт журналисі Фабрицио Романо 16 жастағы қазақстандық футболшы Дастан Сәтбаевтың «Челсиға» ауысқанын хабарлаған болатын.

Еске салайық, бұған дейін «Манчестер Сити» клубына өзбекстандық орталық қорғаушысы Абдуқодир Хусанов ауысқанын жазғанбыз.

Илон Маск «Радио Свобода» және «Голос Америки» радиоларын жабуды ұсынд

0

Америкалық миллиардер Илон Маск өзінің X әлеуметтік желісінде АҚШ үкіметі қаржыландыратын «Радио Свобода» және «Голос Америки» радиоларын енді ешкім тыңдамайтынын жазды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Ол сондай-ақ бұл ақпарат құралдарында «Жылына АҚШ салық төлеушілерінің 1 миллиард доллар ақшасын жалмап, өз-өзімен сөйлесетін радикал солшылдар» жұмыс істейтінін айтты.

Илон Маск өзінің жазбасын АҚШ президентінің арнайы тапсырмалар жөніндегі арнайы өкілі, Ұлттық барлаудың бұрынғы директоры Ричард Гренеллдің X әлеуметтік желісіндегі жазбасына жауап ретінде жариялады.

«Свободная Европа» және «Голос Америки» радиосы – америкалық салық төлеушілер қаржыландыратын ақпарат құралдары. Бұл – мемлекеттік ақпарат құралдары. Бұл ақпарат құралдары әсіре солшыл белсенділерге толы. Мен бұл тілшілермен ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келемін. Бұл – өткен нәрсе», — деп жазды Ричард Гренелл.

Кентау қаласының аумағы ұлғаяды

0

Қалаға қарасты ауыл жерлері Кентауға қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Кентау қаласы ауылдарының және елді мекендерінің шекараларын өзгерту және белгілеу туралы Кентау қаласы әкімінің қаулысы мен Кентау қалалық мәслихатының шешімі Ашық НҚА порталында жарияланды.

Құжатта, Қарнақ ауылының әкімшілік шекарасынан Кентау қаласының шекарасына 2655,53 гектар және Байылдыр ауылының шекарасына 264,75 гектар жер учаскелерін қосу арқылы Қарнақ ауылының шекарасы өзгертіліп, шекаралардың жалпы көлемі 35 257,16 гектар болып белгіленсін:

Хантағы ауылының шекарасынан Кентау қаласының шекарасына 22,67 гектар және Байылдыр ауылының шекарасына 728,45 гектар жер учаскелерін қосу арқылы Хантағы ауылының шекарасы өзгертіліп, шекаралардың жалпы шекарасын 44 718,61 гектар болып белгіленсін;

Қарнақ ауылының шекарасынан 264,75 гектар, Хантағы ауылының шекарасынан 728,45 гектар жер учаскелерін Байылдыр ауылының шекарасына қосу арқылы, Байылдыр ауылының шекарасынан 522,27 гектар жер учаскесін Кентау қаласының шекарасына алу арқылы Байылдыр ауылының шекарасы өзгертіліп, шекаралардың жалпы көлемі 24 819,43 гектар болып белгіленсін делінген құжатта.

Қоғамдық талқылауға ұсынылған құжат жобасы 25 ақпанға дейін талқыланады.

Қор нарығында теңге нығайып келеді

0

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық қорытындысы бойынша, 1 доллардың теңгеге шаққандағы бағамы төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

KASE қор нарығындағы күндізгі сауда қорытындысы бойынша, доллар бағамы 0,52 теңгеге арзандады.

Бір АҚШ долларының орташа бағамы – 510,49 теңге.

Ұлттық банктің 10 ақпанға ұсынған ресми бағамы — бір долларға 511,18 теңге. Ресей рублінің орташа сараланған құны — 5,28 теңге. Еуро — 530,60.

Kurs.kz мәліметінше, қазіргі уақытта Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар 511,1 теңгеден сатылып жатыр, сатып алу бағамы — 513,5 теңге. Еуро 528 — 533 теңге аралығында құбылып тұр.

Ал, Астана қаласы бойынша долларды сату бағамы — 510,5 теңге, сатып алу құны — 516,5 теңге. Еуро 526 теңгеден сатылып, 533,5 теңгеден сатып алынады.

Дәл қазіргі уақытта ақша айырбастау орындарында Ресей валютасы 5,19 — 5,29 аралығында саудаланып жатыр.

Алматы облысында 90 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарылды

0

Жыл басынан бері Алматы облысында 9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Алматы облысы жер қатынастары басқармасынан мәлім еткендей, былтыр облыс аумағында жалпы алаңы 89,7 мың гектар болатын 357 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

2025 жылы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе жер заңнамасын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы тағы 90 мың гектар жерді қайтару жоспарда.

«Осы жылдың басынан бастап қайтарылған жерлердің 559,0 гектарына типтік жалдау шарттарын жою туралы сот шешімдері шығарылды. Қалған 8 576,0 га жер учаскелерін иелері өз еркімен немесе басқа заңды процедуралар арқылы қайтарды», — деп хабарлады басқармадан.

Осыған дейін Алматы облысында 8 су қоймасы мемлекетке қайтарылғаны туралы жазған едік. Кейін мемлекет меншігіне өткен нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі болды.

Жоспарда дамбаларды нығайту, су жіберу шлюздерін жөндеу, су қоймаларының жағдайын, әсіресе су тасқыны кезеңінде, бақылауды күшейту және нысандарды тұрақты мониторингтен өткізу бар.

Қазақстандықтардың орташа табысы қанша: Ұлттық статистика бюросы жауап берді

0

Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2024 жылғы IV тоқсанда бағалау бойынша 308 717 теңге болды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

«Шағын кәсіпорындарды есепке алмағандағы атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы IV тоқсанда 434 982 теңге болды. 2023 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 10,5%-ды, нақты мәнде – 1,8%-ға өсті. IV тоқсанда орташа жалақы мөлшерінің өсуі жыл қорытындысы бойынша берілетін қосымша төлемдер мен мерекелік сыйақылар есебінен еңбекақы қорының ұлғаюымен байланысты», — делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

2023 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі ақпарат және байланыс – 32,8%-ға, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 22,7%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар – 20,3%-ға салаларында байқалды. Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 7,6%-ға, білім беруде орташа айлық жалақы – 5%-ға өсті.

«Өңір бойынша 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2024 жылдың IV тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Алматы және Шымкент қаласында –13,6%-ға, Қарағанды облысында – 13,2%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында – 12,9%-ға және Ақтөбе облысында – 12,6%-ды құрады», — делінген хабарламада.

Өңірлер арасындағы орташа айлық номиналды жалақының ең жоғарғы және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2024 жылғы IV тоқсанда 2,1 есе болды. Бұған дейін Орталық Азиядағы ең жоғары жалақы алатын елдер туралы жазған едік.