Home Blog Page 6

Бірыңғай зейнетақы қорында қанша жинақ бар: ведомство есебі

0

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының былтырғы таза инвестициялық кірісі 3,36 трлн теңгеден асты. Толығырақ қордың ресми сауалға жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

«2025 жылдың 1 қаңтардағы есеп бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың жеке зейнетақы шотының саны 12,50 млн асты. Оның ішінде 11,15 млн астамы міндетті зейнетақы жарнасына арналған шот, шамамен 715,52 мыңы міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы шоты және 439,58 мыңы ерікті зейнетақы жарнасы шоты ашылған», — делінген сауал жауабында.

Айта кетсек, былтырдан бастап елімізде жұмыс берушілер жұмысшыға зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттелді. Бұл бағытта қордағы зейнетақы шоттарының саны 4,67 млн асқан.

«Салымшылардың жеке және шартты шоттарына былтыр түскен зейнетақы жарналарының мөлшері 2,79 трлн теңгеге жуық. Бұл — 2023 жылмен салыстырғанда 29% артық», — деп хабарлайды қордан.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы барлық жарна оң сипатқа ие:

Жеке зейнетақы шоттарына былтыр жыл бойы 2,44 трлн теңгеден астам жарна түсті (2023 жылмен салыстырғанда 18,3% артық);
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы 113,6 млрд теңге (өсім 18,9%);
Ерікті зейнетақы жарнасы 3,07 млрд теңге (өсім 32,50%) жиналды;
Жұмыс берушілер жұмысшыға зейнетақы жарнасы шамамен 231,24 млрд теңге.

«2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының көлемі шамамен 22,80 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар былтыр инвестициялық кіріс 3,36 трлн теңгеден асты. Оның көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 1,79 трлн теңгеге (114,5%) артық, — делінген ресми хабарламада.

Павлодар облысында жер үйдегі өрт салдарынан бір адам опат болды

0

Өрт Железин ауданындағы Михайловка ауылында, газдың тұтануынан болған, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Тілсіз жаудан бір адам қаза тапты.

«23 ақпан күні сағат 11.28-де Железин ауданының Михайловка ауылында жеке меншік тұрғын үйде тұрмыстық газ баллонды қауіпсіз пайдалану талаптарын бұзу нәтижесінде газ-ауа қоспасы тұтанды. Салдарынан 70 шаршы метр алаңды өрт шарпыды.

Өрт орнына жедел түрде 16-ӨСБ өрт сөндірушілері жіберілді. Сонымен қатар Михайловка ауылының жергілікті атқарушы органдарының өрт сөндіру бекеті жұмыс істеді. Жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру бекетінің күшімен үй ішінен 1959 жылы туған үй иесінің мүрдесі табылды. Сағат 14.00-де өрт толықтай сөндірілді, — деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті.

ҰБТ-да жасанды интеллект қолданылады

0

Ғылым және жоғары білім министрлігі биылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде жасанды интеллектінің көмегіне жүгінбек. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

«Министрлік жасанды интеллект кадрларын даярлау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Былтыр «Жасанды интеллект негіздері» пәнінің стандарты енгізілді. Соның негізінде білім беру процесінде жасанды интеллектіні пайдаланудың жалпы принциптері, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде жасанды интеллектіні қолдану бағыттары айқындалды. Сондай-ақ министрлік жоғары білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына жасанды интеллктіні қолдану бойынша құзыретті игеруге бағытталған пәндерді барлық білім беру бағдарламаларына енгізуді көздейтін өзгерістер енгізді», — деді Нұрсұлтан Махатов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің мәлімдеуінше, бүгінде елімізде 20 жоғары оқу орны базасында жасанды интеллект бойынша 20 білім беру бағдарламасы енгізілді, аталған бағдарлама бойынша 2 196 магистрант пен докторант оқып жатыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен бірлесіп ұлттық жасанды интеллект платформасында бірнеше жоба жасауды жоспарлап отырмыз», — дейді ол.

Бразилияда тұтас бір қалаға жер астына түсіп кету қаупі төніп тұр

0

Бразилия билігі елдің солтүстігіндегі Буритикупу қаласы елді мекен тау жыныстарының опырылуы салдарынан жер астына кетеді деген қауіпке байланысты аталған аумақта төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Тиісті шешім ел үкіметінің баспасөз бетінде жарияланды.

«Табиғи апаттар туралы формулярда сипатталған аумақтарда қоғамдық апаттың режимі танылсын», — делінген құжатта.

Муниципалитет бұған дейін Буритикупуда қатты жауған жаңбыр көшкін қаупін арттырғаннан кейін төтенше жағдай жариялаған болатын. Жергілікті билік зардап шеккендерге көмек көрсету үшін федералды үкіметтен қосымша қаражат сұрай алады.

Қазіргі таңда қауіпті аймақта 250 үй бар.

G1 порталының жазуынша, Буритикупуда тау жыныстарының біртіндеп опырылуы 30 жылдан астам уақыт бойы байқалып келеді және осы уақыт ішінде 70-тен астам үй жер астында қалған.

Елімізде жұмыртқа бағасын тұрақтандыру бойынша меморандум жасалды

0

ҚР Сауда және интеграция министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Құс өсірушілер одағы, жұмыртқа өндірушілер салалық қауымдастығы және Сауда желілері одағы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларын іске асыру бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Меморандумның негізі — тараптардың баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге деген өзара мүдделілігі мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру.

Қол қойылған меморандум аясында Құс өсірушілер одағы мен Қауымдастық құс фабрикаларының қоймалары мен фирмалық дүкендерінде сатылым бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге міндеттеме алды.

Өз тарапынан Сауда желілері одағы заңнама талаптарына сәйкес сауда үстемесі мөлшерін сақтауын қамтамасыз етеді және осы санаттағы жұмыртқаларды сатудан сыйақы талап етпейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті өндірушілерді қорғау мақсатында жұмыртқа импортына шектеу енгізу мәселесін қарастырып, Сауда және интеграция министрлігімен бірге заңсыз импорттық жұмыртқаларды нарыққа шықпауын, оларды айналымнан алу жөнінде бақылау шараларын қабылдайды.

Сауда және интеграция министрлігі меморандум аясында баға мониторингін жүргізіп, оның шарттарының орындалуын бақылайды.

«Он күн бұрын хабарластым»: Айгүл Иманбаева марқұм Дулат Исабековті есіне алды

0

Танымал әнші Айгүл Иманбаева 82 жасында дүниеден озған Дулат Исабековті есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Bastaumedia.kz хабарлайды.

Өнер иесі жазушының көзінің тірісінде үйіне барып, сәлем берген.

“Барша Қазақ халқына қайғырып көңіл айтамын. Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабеков дүниеден озды», – деп жазды актриса.

Киножұлдызының сөзінше, осыдан 10 күн бұрын Дулат Исабековке қал-жағдайын сұрап, хабарласқан екен.

«Осыдан 10 күн бұрын Дулат ағама телефон шалған едім. Телефон трубкасын көтермеген соң, қызы Шолпанға хабарласқанда ағамның ауруханаға түсіп қалғанын естідім. Ағама кіріп, жағдайын біліп, бетінен бір сүйіп кету ойым еді, оған палатасына кіруге рұқсат бермеді. Дулат ағам артына өшпес мұра қалдырды,өшірілмес із қалдырды. Дәл осы уақытта елден алыста болып, ағамды соңғы сапарына шығарып сала алмай, өзегім өртеніп отырған жайым бар. Дулат ағам менің басымда болған қиыншылығымда да, қызықшылығымда да – барлық уақытта маған сүйеу, демеу болды. Үлгі тұтар, ақыл айтар әкемдей болды. Бақұл бол,жан ағам!» – деді Айгүл Иманбаева.

Қазақстанда Ұлттық қордан бөлінген қаржының қайда жұмсалғаны тексеріледі

0

Қазақстанда ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Bastaumedia.kz хабарлайды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында комиссияның қызметі жаңартылған форматта, жаңа құраммен жалғасады. 21 ақпанда Әлихан Смайыловтың төрағалығымен жоғары аудиторлық палатада комиссияның отырысы өтті.

Отырыс барысында комиссия төрағасы Әлихан Смайылов ұлттық қор қаражатын жұмсау заңдылығы мен тиімділігіне мониторинг жүргізу тәсілдері өзгеретінін атап өтті.

«Комиссияның жұмысын қайта бастауымыз керек. Ведомствоаралық іс-қимыл мен ұлттық қор қаражатының тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жауапкершілік аймақтарын нақты айқындау қажет», — деді Смайылов.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына байланысты да ұлттық қорды ұтымды пайдалану мәселесі қарастырылады.

«Ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды», — деді жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Премьер-министр алдағы кезеңге арналған міндеттерді атап өтті:

  • Ұлттық қордан экономиканы жеңілдетілген шарттармен қолдауға бөлінген қаражатқа тексеру жүргізу;
  • Ұлттық қор қаражатын неғұрлым басым бағыттарға қайта бөлу немесе оларды қайтару жөнінде ұсыныстар беру.

Отырыс барысында комиссия құрамын жаңарту, оның қызметін жаңа форматта регламенттеу, қорытындылардың сапасын арттыру және т. б. мәселелер талқыланды.

Франция жасанды интеллект секторына 109 млрд еуро жеке инвестиция тартады

0

Бұл туралы 10-11 ақпанда Парижде өтетін жасанды интеллект (ЖИ) мәселелері жөніндегі саммит қарсаңында Франция президенті Эмманюэль Макрон мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Айтулы шараға мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, ірі және шағын компаниялардың басшылары, академиялық орта, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен азаматтық қоғам өкілдері жиналды.

Жоғары мәртебелі қонақтар арасында Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен бар.

Джей Ди Вэнс пен Урсула фон дер Ляйеннің сөз сөйлеуі сейсенбіге жоспарланған.

Саммиттің күн тәртібінде ЖИ қауіпсіз дамуы, оның қоғамға әсері және ЖИ технологияларының гуманистік құндылықтарға сәйкес келуі және қоғам мүдделеріне қызмет етуін қамтамасыз ету стратегиялары туралы талқылаулар бар. Негізгі тақырыптарға жұмыс орындарын құру, мәдени әсер және экологиялық тұрақтылық кіреді.

Франция президенті Эмманюэль Макронның алдағы жылдары Франциядағы ЖИ секторына шамамен 109 млрд еуро жеке инвестиция тартатыны туралы жариялауы негізгі мәлімдеме болды. Бұл инвестиция ЖИ үшін жаһандық жарыста Еуропаның позициясын нығайтуға бағытталған.

Бұдан бөлек, Франция мен БАӘ 30 млрд доллардан 50 млрд долларға дейінгі инвестицияны қамтитын 1 гигаваттық деректер орталығын салу туралы келісті.

Саммит сонымен қатар ЖИ дамытудағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді, этикалық стандарттар мен елдер арасындағы ортақ құндылықтардың қажеттілігіне назар аудартады. Пікірталас барысында ЖИ саласындағы көшбасшылық «батыс, либералды, демократиялық» елдердің рөлі көрсетіліп, бұл ретте Қытай сияқты елдердің ықпалына сақтықпен қарау қажеттігі атап өтілді.

Маск НАТО-ны қайта құруға шақырды

0

АҚШ-тың Үкімет тиімділігі кеңсесінің (DOGE) басшысы Илон Маск Солтүстік Атлантикалық альянсты қайта құруға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

«НАТО қайта құруды қажет етеді», — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде сенатор Майк Лидің (Юта штаты) НАТО «ескірген» және «қырғи-қабақ соғыс дәуірі әлдеқашан аяқталды» деген жазбасына жауап ретінде.

Маск бұған дейін де АҚШ-тың трансатлантикалық саясатын бірнеше рет сынап, Еуропаның қорғаныс шығындарын қысқартуға шақырған. Кәсіпкер Вашингтондағы айтарлықтай бюджет тапшылығы мен мемлекеттік шығындардың өсуін ескере отырып, мұндай шығындарға жол берілмейтінін ескертті.

Бұған дейін Дональд Трамп Давоста НАТО одақтастарынан қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5%-ына дейін ұлғайтуды талап етіп, АҚШ-та өнім өндірмейтін компанияларға баж салығын енгізетінін айтқан.

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігіне құттықтау жеделхатын жолдады

0

Қасым-Жомарт Тоқаев Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудты және осы елдің Тақ мұрагері, Премьер-министрі ханзада Мұхаммед бен Салманды Корольдіктің негізі қаланған күнмен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы жеделхаттарда халықаралық қауымдастық Сауд Арабиясын экономикасы қарқынды дамыған, іргесі берік, беделді мемлекет ретінде танитынын жазған. Сондай-ақ Корольдік Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы мазмұнды саяси диалогқа негізделген ынтымақтастық алдағы уақытта да сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамуына серпін беретініне сенім білдірді.

Қазақстан Президенті Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагерінің жауапты қызметтеріне толағай табыс, халқына құт-береке тіледі.

Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Масуд Пезешкиан мен Иран халқын Ислам Революциясы күнімен құттықтаған болатын.