Home Blog Page 2

Ашхабадта наурыз айында рекордтық температура тіркелді

0

Ашхабадта 17 наурызда ауа температурасы +30°С-қа жетті. Бұл — бұған дейінгі метеорологиялық бақылаулардың бүкіл кезеңі үшін ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Бұған дейінгі 17 наурыздағы температура рекорды 1974 жылы тіркеліп, +29°C болған.

Тарихи деректерге сүйенсек, Түрікменстан астанасында наурыз айындағы абсолютті температура максимумы 2010 жылы тіркеліп, +38,6°С-ты құрады.

Ауа райы болжамы бойынша, Ашхабадта +30°С-тан жоғары ыстық ауа райы 19 наурызға дейін сақталады.

Түрікменстанның екі аймағында – Балқан және Ахал облыстарында көктемнің бірінші айында қалыптан тыс жоғары температура байқалады. Балқан облысының оңтүстігінде де ауа температурасы +30°С-тан асты. Эсенгулы ауылында ауа райы +32,3°С-қа дейін жылыды.

Қазақтелеком компаниясы жұмысына қатысты тергеу басталды

0

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бәсекелестік деңгейін айқындау және тауар нарығына қолжетімді ету кезіндегі кедергілерін жоюға бағытталған шараларды әзірлеу мақсатында сымды (тіркелген) интернет қызметтері нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жоспарлы талдауды аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Қазіргі уақытта сымды интернет нарығы жоғары шоғырланған, мұнда жиынтық үстем жағдайға «Қазақтелеком» АҚ және «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) ие.

Талдау барысында агенттік қызмет көрсету кезінде бөгде байланыс операторларының көппәтерлі тұрғын үйлерге кіруіне, сондай-ақ кабельдік кәріз желілеріне қосылудың техникалық шарттары туралы ақпарат алуды қиындататын кедергілерді анықтады.

«Егер бұл кедергілер шешілсе, тұтынушыларға интернет қызметтерінің баламалы операторын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді және кабельдік кәріз иелерінен өтеусіз негізде техникалық ақпарат ала алады.

Сондай-ақ анықталған кедергілерді жою бойынша тиісті ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілді», — деп жазды агенттіктен.

Мәжіліс Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына сүйенген резолюцияны қабылдады

0

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға және Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюция (қарар) қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Айта кетейік, палата отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі» атты баяндама жасады.

Бұл ретте ол еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға және Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюция қабылдауды ұсынған еді.

«Мен жаңа ғана өз сөзімде еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға және Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюция қабылдауды ұсындым. Бұл – Парламент Мәжілісінің резолюциясы… Бүгін мазмұнды әрі салиқалы жиын болды. Талқылау барысында елдегі ауқымды өзгерістердің барлық тұсы қамтылды деп ойлаймын. Сөз сөйлеген әр азамат өзінің құнды ұсыныстарын жариялады. Солардың барлығы мұқият зерделенеді. Мемлекет басшысы айқындап берген жолдан жаңылмауымыз қажет. Президент реформаларын іске асыру алдағы уақытта да баршамыздың басты міндетіміз болып қала береді», — деді Ерлан Қошанов.

Жалпы отырыс барысында палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдірді.

Алматы облысында темір жол бойында адам мәйіті табылды

0

Әлеуметтік желіде темір жол бойында адам мерт болғаны жөнінде бейнежазба тарады, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Көліктегі полиция департаменті бұл фактіні растады. Ресми мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға оқиға 17 наурыз күні Алматы облысының «Шамалған-Ақсенгір» станциялары аралығында болған.

«Аталған факті бойынша Алматы станциясындағы Желілік полиция басқармасының қызметкерлері абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан темiржол көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазір осы іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады департаменттен.

Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы тағайындалды

0

Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы лауазымына Азамат Қасымов тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Азамат Әбілұлы Қасымов 1985 жылы 8 тамызда Семей облысының Абай ауданында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы «Алматы ақшамы» газетінде тілші болып бастаған.

2009-2017 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде тілші, шолушы, руханият бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды. 2017-2020 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, 2020-2022 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай» телеарнасы қазақ редакциясының шеф-редакторы, республикалық «Айқын» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, «Хабар» агенттігінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.

2022-2024 жылдары «Хабар» агенттігінің Абай облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған. 2024 жылдың мамыр айынан Абай облысы әкімінің кеңесшісі болды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев телефон арқылы сөйлесті

0

Президенттер бір-бірін келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, бауырлас халықтарға бақ-береке тіледі. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

«Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың даму қарқыны жоғары екенін атап өтіп, оның Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың деңгейіне толық сай келетінін жеткізді», — делінген хабарламада.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екендерін растады.

Сондай-ақ алдағы уақытқа жоспарланған кездесулер кестесін талқылады.

Елімізде атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылды

0

Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына сәйкес атом саласын одан әрі дамыту және ядролық қауіпсіздікті нығайту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің уран өндіру бөлігінде жер қойнауын пайдалану, атом энергиясын пайдалану, халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі салаларындағы функцияларын және өкілеттіктерін бере отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) құрылсын.

2. Агенттік берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.

3. «Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесінде мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі».

4. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына:

Агенттік төрағасымен бірлесіп Агенттік туралы ереженің және оның құрылымының жобаларын;

Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінен және тиісті ведомстволық бағынысты ұйымдардан штат санын Агенттікке қайта бөлу жөніндегі ұсыныстарды енгізсін;

2) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісуі бойынша Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің және тиісті ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлуді;

2) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Айта кетелік бүгін Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізген еді.

Президент министрліктер жұмысын сынға алды

0

Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізгенін жазды, деп хабарлайды Ақорда.

Оның дерегінше, жиын барысында барлық салалық ведомствоның атына сын-ескертпелер айтылып, егжей-тегжейлі талқылау өтті. Мемлекет басшысы экстремизм мен терроризмге қарсы күресті және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған үйлесімді жұмысты күшейту қажет екеніне назар аударды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде жұмысты ұйымдастырудың аса маңыздылығын атап өтіп, аталған салалардағы жағдайға талдау жасады.

Президент азық-түлік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, ел азаматтарын алаңдататын мәселелерді шешу үшін цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні дамытудың өзектілігіне тоқталды.

Мемлекет басшысы барша қоғамның мүддесі үшін Үкіметке Әділетті Қазақстанды құру бағдарламасын іске асыруға күш салуды тапсырды», — делінген жазбада.

Алматы облысында экс-депутат жалған құжатпен миллиондаған қаржы алған

0

Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті Қарасай аудандық мәслихатының экс-депутатына қатысты аса ірі көлемде алаяқтық және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Дерекке қарағанда, күдікті мемлекеттен субсидия алу мақсатында Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына «Награда» түріндегі таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттарды ұсынған. Сомасы 947 млн теңгені құрады.

«Нәтижесінде ол 474 миллион теңге деп көрсетілген соманың 50% көлемінде заңсыз субсидия алған. Бұл кірістерді жылыстату үшін күдікті 21 жеке кәсіпкермен көшеттерді орау, тиеу, түсіру жұмыстарын орындауды көрсететін жалған келісімшарттарды қамтитын көп деңгейлі схеманы әзірлеген, бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Аталған жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 431 млн теңге сомаға қолма-қол қаражат алынды», — деп жазды департаменттен.

Сонымен қатар ұрланған қаражаттарды заңды айналымға тарту мақсатында ол жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, қосымша 89 млн теңге қылмыстық табыс тапқан. Қылмыстық табысқа Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және Toyota Highlander автокөлігін сатып алған.

«Аталған мүлікке, сондай-ақ 50 млн теңге ақша және 91 млн теңге құны бар бағалы қағаздарға тыйым салынды. Мемлекеттен ұрланған 170 млн теңгені күдікті Қонаев қаласындағы казиноға құртқаны белгілі болды», — деп толықтырды тексеруші органнан.

Астанада тәркіленген 10 млрд теңгенің жеріне не салынатыны белгілі болды

0

Биыл елордада мемлекеттік қажеттілік үшін 264 жер учаскесі алынады. Бұл жерлерге 35 әлеуметтік нысан салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Бұған дейін қалалық мәслихат отырысына 1 млрд 260 млн теңге сомасына жалпы ауданы 15 гектар 16 нысан бойынша 58 жер учаскесін сатып алу жөніндегі шарттың жобасы шығарылған еді.

Қалған 206 учаске бойынша бүгінде бағалау және келісу процедурасы жүргізіліп жатыр. Әкімдіктің атап өтуінше, кейбір учаске иелері шарттармен танысты. Алайда 15 меншік иесі сатып алу құнымен келіспей отыр. Мәселе алдағы уақытта сотта шешілмек.

«Мемлекет қажеттілігі үшін алынатын жер учаскесі мен онда тұрған нысан үшін меншік иесіне немесе мемлекеттік емес жерді пайдаланушыға нарықтық құны бойынша теңдей құн өтеледі. Жер учаскесінің нарықтық құнын «ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 13-бабына сәйкес жарияланған ашық байқау жеңімпазы саналатын тәуелсіз бағалаушы айқындайды», — деп түсіндірді әкімдіктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Сонымен қатар елорда әкімдігі мемлекет қажеттілігіне алынатын жерлерге салынатын 35 әлеуметтік нысанды атады:

1. А.Иманов көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін Асан қайғы көшесі құрылысы;

2. Қорғалжың тас жолында дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернет құрылысы;

3. Потанин мен Керегетас көшелері қиылысы ауданындағы мектеп құрылысы;

4. Қабанбай батыр даңғылы мен Бұқар жырау көшесі қиылысындағы мектеп құрылысы;

5. Ақан сері мен СФЛ-2 (жобалық атауы) қиылысындағы балабақша құрылысы;

6. А.Тоқпанов көшесіндегі мектеп құрылысы;

7. Ж.Нәжімеденов пен С.Нұрмағамбетов көшелері қиылысы ауданындағы балабақша құрылысы;

8. Ш.Қалдаяқов пен С.Нұрмағамбетов көшесі қиылысы ауданындағы балабақша құрылысы;

9. Еңлік-Кебек пен Ақан сері көшелері қиылысы ауданындағы көпбейінді аурухана құрылысы;

10.Ш.Уәлиханов көшесіндегі №24 ауданын абаттандыру;

11. Ш.Уәлиханов пен С.Сейфуллин көшелері қиылысы ауданын абаттандыру;

12. С.Жүнісов пен Ш.Жиенқұлова көшелері қиылысы ауданындағы гүлзар құрылысы;

13. Достық көшесі бойында орналасқан саябақ құрылысы, №9 үй ауданы; 14.Жамбыл көшесінде қоғамдық кеңістікті абаттандыру, №8 үй ауданы;

15. Ш.Жиенқұлова көшесінен Асан қайғы көшесіне дейінгі учаскеде Биші қайың көшесі құрылысы;

16. Биші қайың көшесінен Ә.Жангелдин көшесіне дейінгі учаскеде Сырдария көшесі құрылысы (1 кезек);

17. Алаш тас жолынан Абыралы көшесіне дейін Ш.Жиенқұлова көшесі құрылысы;

18. С.Сейфуллин көшесінен Ә.Жангелдин көшесіне дейінгі учаскеде Сырдария көшесі құрылысы (2 кезек);

19. Керей-Жәнібек хандар көшесіне Ұлы дала даңғылына дейін (1 учаске) 37 көше (жобалық атауы) құрылысы;

20. V-учаске кіші айналма жолы құрылысы (Тілендиев даңғылынан Конституция көшесіне дейін Бейсекова көшесі бойымен);

21. №38 көшеден Абылай хан даңғылына дейінгі учаскеде Хусейн бен Талал көшесі құрылысы;

22. №12 көшеден Ш.Қалдаяқов көшесіне дейін орналасқан Л.Мирзоян көөшесі құрылысы;

23. А.Байтұрсынұлы мен Ж.Нәжімеденов орамындағы А50 және А51 көшелері құрылысы;

24. А20 көшесі (жобалық атауы) ауданында орамішілік жолдар мен инженерлік желілер құрылысы;

25. Керей-Жәнібек хандар мен Орал көшелері қиылысы ауданында «ҚР Жоғары аудиторлық палатасы ғимараты» құрылысы;

26. Алаш тас жолында, 28/3 учаскеде орналасқан ТМ-14 салу;

27. Мақатаев пен Космонавтов көшелері аудында мемлекеттік саяжай аумағын абаттандыру үшін кеңейту;

28. ТМ-40 көшесі ауданында шағын тарату стансасы құрылысы;

29. Республика даңғылы бойындағы №6 үй ауданын абаттандыру;

30. Қарқаралы тас жолы ауданында орналасқан Астана қаласының «Олимпиадалық дайындық орталығы» көпбейінді спорт кешені базасында Ұлттық спорт университеті құрылысы;

31. №48, №69, А106 және А108 көшелері орамында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жаңа кешені құрылысы;

32. Мәңгілік ел даңғылы мен Сығанақ көшесі қиылысы ауданындағы көше құрылысы;

33. Республика даңғылы мен Гете көшесі қиылысы ауданында орналасқан жапсарлас тұрғын-жайы мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені құрылысы;

34. Ш.Айтматов көшесі мен Қорғалжың тас жолы қиылысы ауданында әкімшілік ғимарат құрылысы (аудандық полиция бөлімі);

35. Ш.Айтматов көшесі мен Қорғалжың тас жолы қиылысы ауданында әкімшілік ғимарат құрылысы (Полиция полкі).

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында құрылыс компанияларына қойылатын талаптар туралы жазған болатын.