Қызылордада сұйытылған мұнай газының бағасы өсті

0
49
pixabay.com
pixabay.com

Қызылорда облысында сұйытылған мұнай газының бағасының литрі 85-90 теңгеден сатылатын болды, — деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Бұл жөнінде журналистерге облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев мәлім етті. Бұл өзгеріс ҚР Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес жүзеге асып отыр.

Облыс бойынша газ бағасы 1 литр үшін 90 теңге, ал облыс орталығынан 200 шақырым қашықта орналасқан елді мекендерде 95 теңге болып бекітілген. Ол шекті бағадан 5 теңгеге төмендетілді. Облыс орталығында газдың 1 литрі 85, аудандарда 90 теңгеден бекітілді.

«Айта кетсек, өзге өңірлермен салыстырғанда облыс сұйытылған мұнай газының ең төменгі бағасы бойынша алғашқы бестікте тұр. Облыс әкімдігі қаңтар айында операторлармен бірнеше мәрте мәжіліс өткізіп, нәтижесінде келісімге қол жетті. Қаңтар айында алынған газ қалдығы ескі бағамен, яғни 65-75 теңгеден сатылды. Операторлар өз кәсібіне зиян келмес үшін жаңа бағамен сатуға көшті, яғни ол тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін өсті», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, ақпан айына министрліктен 7300 тоннаға жуық газ бөлінді. Оған қоса Энергетика министрлігімен келіссөз жүргізіліп, ақпан айына қосымша 2000 тонна газ бөлу жоспарланып отыр.

«Бағаның көтерілуінің басты себебі – еліміздегі газды тұтынудың өсуі. Мысалы, аймақта 2022 жылы сұйытылған мұнай газын тұтынатын 7290 автокөлік болса, 2024 жылы 35690 автокөлік тіркелген, яғни 5 есе артқан. Одан бөлек сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны — тоннасына 63-65 мың теңге. Ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 51932 теңге деңгейінде белгіленген. Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, алдағы 15 ақпаннан бастап АИ-92 бензин және дизель отыны бағасының 2-4 теңгеге өсуі мүмкін. Қазір облыста АИ-92 бензиннің 9 мың тоннаға жуық, АИ-95 бензиннің 1000, дизель отынның 8 мың тоннаға жуық қоры бар. Одан бөлек газ құю бекеттерінде 900 тонна сұйытылған мұнай газ қалдығы бар. Оған қоса Атыраудан 18 вагон (648 тонна) газ келе жатыр. «Қазгермұнай» компаниясынан күнделікті 200 тонна газ операторларға жеткізілуде. Бұл мәселе әкімдіктің тұрақты бақылауында тұр», — деді Ардақ Темірханұлы.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here