Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словения Президенті бизнес-форумға қатысты

0
51
Ақорда
Ақорда

Мемлекет басшысы соңғы 30 жылда Қазақстан мен Словенияның өзара құрметке негізделген берік саяси-дипломатиялық байланыс орнатқанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Президенттің айтуынша, кешегі келіссөздер барысында тараптар қос халықтың игілігі үшін экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады.

«Қазақстан – аймақтағы экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан ірі елдердің санатында. Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 4,8 пайыз деңгейінде болды. Бұл болжанған жаһандық өсімнен 1,5 есе жоғары. Ішкі жалпы өнім көлемі 288 миллиард долларға жетті. Біз ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыра отырып, осы даму көрсеткішін сақтауға ниеттіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның Еуразиядағы жетекші сауда әрі логистика хабына айналуға ұмтылатынын, оған өзінің стратегиялық тұрғыдан орналасуы мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде, Орталық Азия аймағында және Қытайда тұратын 1,5 миллиардтан астам тұтынушыға тікелей шығу мүмкіндігін ұсына алады. Еліміздің аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі былтыр рекордтық көрсеткішке, яғни 514 тонна-шақырымға жетті. Қазіргі уақытта Қазақстан Еуропа мен Қытай арасындағы құрлықтық алыс-берістің 90 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Біз Орта дәліз және Солтүстік – Оңтүстік секілді халықаралық күре жолдарды белсенді түрде дамытуды қолға алдық. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізіндегі жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Аталған теңіз айлақтарынан жөнелтілетін жүк көлемі былтыр 4,5 миллион тоннаға жетті (2023 жылғы 2,5 миллион тоннамен салыстырғанда 62 пайыз өсім). Бұл – рекордтық нәтиже. Осы орайда көлік байланысын күшейтіп, сауда-саттықты жандандыру үшін Словенияның ең ірі Копер портымен тәжірибе алмасуды және серіктестікті тереңдетуді көздейміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Словенияның қарқынды дамып келе жатқан инновациялық IT cекторын ғылыми зерттеулер, стартаптар және технологиялық білім беру бағытында ынтымақтастық орнатуға үндеді.

Қазақстан Президенті қаржы қызметі мен инвестициялар саласындағы байланыстарға айрықша мән берді. Ол Словенияның іскерлік топ өкілдерін Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін зерделеп, аталған экожүйеге қосылуды ұсынды.

Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словения Президенті Астана халықаралық қаржы орталығын аралап көрген еді.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here