Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден тұрақты және уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеу нормативін белгілеу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.
«Қазір бұл мәселені депутаттық корпуста да (Парламентте), басқа да мемлекеттік органдарда талқыланып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Астанада ресми түрде 1 млн 550 мыңға жуық адам тұрса, іс жүзінде 1 млн 800 мың — 1 млн 900 мыңға жуықтайды. Адамдардың біразы әлі тіркелмеген. Жақын арада бұл мәселеге қатысты тиісті реттеу тетігі енгізіледі деп ойлаймын. Шамамен, бірінші жартыжылдықта шешім болады», — деді Т. Зейнұлқабден Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, жақында Мәжілісте заңнамаға астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту бағытындағы өзгерістер енгізуге арналған заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды.
