Рамазан айында сұранысы жоғары азық-түлік бағасы өсуі мүмкін бе? Бұл сұраққа ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.
Бұған дейінгі жылдарға шолу жасасақ, мұндай кезеңдерде (Рамазан айында) сауда желілері тиісті акциялар өткізіп, бағаны төмендету туралы хабарлап, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Оразаның өзі жақсылық пен мейірімділік мерекесі ретінде қабылданады. Сондықтан сауда желілерінде жұмыс істейтіндер қайырымдылық пен жан дүниесінің кеңдігін көрсетіп жатады, — деді А.Шаққалиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда министр Рамазан айында еліміздің аумағында бағаны төмендетуге бағытталған акциялар болатынын атап өтті.
«Бұл тұрғыда осы кезеңде бағаның ауытқуы мен оразаны мүлдем байланыстырмаймыз», — деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Бас мүфти кәсіпкерлерді азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға шақырды.
