Қазақстанда ет бағасының күрт өсуіне негіз жоқ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.
Вице-министр былтырдың қорытындысы бойынша 1,1 млн тоннадан астам сиыр еті мен қой еті өндірілгенін, бұл көрсеткіш ел ішіндегі сұранысты толық өтейтінін атап өтті.
«2024 жылдың қорытындысына қарасақ, өндіру көлемі шамамен 4 пайызға, оның ішінде сиыр еті 2 пайыздан астам деңгейге өсті. Бұл бағыттағы іс-шаралар халықтың етке деген сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді, сондықтан ет бағасының өсуіне негіз жоқ», — деді Е. Кенжеханұлы Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, ет бағасының көтерілуіне Өзбекстан жағынан болған жоғары сұраныс әсер еткен.
«Бірақ соңғы аптада байқағанымыздай, баға тұрақтанды және қазір өсімнің басқа факторларын көріп тұрғанымыз жоқ», — деді вице-министр.
Сонымен қатар ол қазіргі кезде мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыруды бөлу қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Бұл қадамдар елімізде ет өндіруді одан әрі ынталандырады. Қазір сиыр етінің бағасы келісіне шамамен 2700-3000 теңгені құрап тұр», — деді Ермек Кенжеханұлы.
Бұған дейін хабарланғандай, вице-министр елімізде сәбіздің жаппай бүлінуі деректері анықталмағанын мәлім етті.
