Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, — деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов елдегі криминогендік жағдай және ішкі істер органдарының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру барысы жөнінде ақпарат берді. Ол елімізде қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде былтыр қылмыс саны 12,7 мыңға азайғанын баяндады.
«Соңғы жылдары қылмыс деңгейінің, әсіресе, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау мен ұрлық сияқты аса ауыр қылмыс түрлері көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі байқалады. Тергеудің заманауи әдістерін енгізу арқылы қылмыстың барлық санаты бойынша ашылуы жақсара түскен», — деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен бірге ол қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы айтты. Осылайша, 2024 жылы полиция іздеуде жүрген 1949 адамды ұстағаны белгілі болды.
Одан бөлек министр ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысын таныстырды.
«Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін 264 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соңғы 12 айда есірткі таратуға қатысты ақпарат жариялаған 7500-ге жуық интернет-ресурс анықталып, 22 тоннаға жуық есірткі айналымға жіберілмеген, 64 есірткі зертханасы жойылды», — деді ІІМ министрі.
Бұған қоса елімізде интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталған. Нөмірлерді ауыстыруға арналған 48 SIM-box құрылғысы әшкереленген. Сондай-ақ, алаяқтардың 2 миллиард теңгеден астам қаржыны елден шығаруына жол берілмеген.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
